ЕРТЕ ЖАСТАҒЫ БІРІНШІ ТОП (туғаннан бастап 1 жасқа дейінгі) Балалардың тіршілік әрекетін ұйымдастыру Балалар тәрбиесі мен олардың өмірін дұрыс ұйымдастыру тамақтандыру мен ұйықтайтын уақытын қатаң сақтауды талап етеді. Сәби өмірінің алғашқы жылында күн тәртібіндегі сәл ғана өзгеріске сезімтал келеді. Тамақтандыруды немесе ұйқының уақытын сәл кешіктіру жүйке жүйесіне әсер етеді, яғни баланы шаршатады. Күн тәртібіндегі аз ғана ауытқушылықтың өзі қосымша қиындықтар туғызады. Орталық жүйке жүйесінің жұмыс қабілеті шапшаң арта бастайды. Сондықтан да, белсенді сергіту жаңа туған сәбиде 20-30 минуттан болса, бір жасқа келгенде 3 сағатқа дейін жететін болады. Күн тәртібі дәл орындалуы үшін қызметкерлер арасындағы міндеттемелер дұрыс бөлінуі қажет. Тәрбиешінің көмекшісі күн тәртібіндегі барлық үдерістерде тәрбиешіге көмектеседі. Мысалы, педагог тамақтандыруды бастайды, күтуші аяқтайды, сол кезде тәрбиеші балаларды сергітуді ұйымдастырады, тамақтанған балалармен ойын-әрекеттерін жүргізеді. Тәрбиелеу - оқыту үдерісі бірінші топта баламен негізінен жеке жүргізіледі, ал 5-6 айдан 1 жасқа дейін жеке де, 5-6 айдан бастап шағын топпен (5-7 балаға дейін) айналысуға болады.Дұрыс ұйымдастырылған ұйқы мен сергіту балалардың бұл жас кезеңіндегі тәрбиелеу мен дамыту үшін қолайлы жағдай. Бала өмірінің алғашқы жылында біліктер баяу пайда бола бастайды және олардың қалыптасуы үшін жиі жаттығулар қажет болғандықтан, ойындарды күн сайын және күніне бірнеше рет жүргізу қажет болады. Ойын әрекеттері бірнеше рет қайталанатын, қысқа мерзімді (4-5 мин.аспайтындай) сипатта болады. Тамақтандыру 9 Балаларды ерте жастан дамытуда тиімді және түрлендіріп тамақтандырудың маңызы зор. Ересектер тамақтандыру үдерісінде өзіне салынған үлесін тауысуға үйретуі қажет. Тамақтану кезіндегі дербес әрекеттерді: 2,5-3 айда ең қарапайым бөтелкені ұстауды, ауызына апаруды; 4-5 айдан бастап қасықпен тамақтануды; 5-6 айдан бастап ересектің көмегімен ыдыстан тамақ ішуді; 7 айдан бастап нанды, прәндік, печеньені өз бетімен жеуді дамыту. Бір жасқа таяу өз бетімен тамақтану дағдылары қалыптасып болуы тиіс. Баланы 7-8 айға дейін қолға ұстап, 8 айдан (өз бетімен отыруды үйренген соң) бастап – биік үстелден тамақтандыру қажет. Бала 11-12 айда аласа үстелге өздігінен келеді, орындыққа отырады. Бұл кезеңде балаларға ересектердің: «Тамақ ішеміз» деген сөзін түсіну үйретіледі. Балаларды үстел әзірлеуге қажетті бірнеше заттардың атауымен (ыдыс, тарелке, қасық) таныстыру қажет, әрекеттерді (отыр, іш, нан же және т.б.) түсінуге үйретіледі. Баланың белсенді сөйлеуін (ням-ням, бер, мә және т.с.с.) қалыптастыруға тұрақты жұмыстану қажет.7-8 айдан бастап үстелде қатар отырған екі бала кезекпен тамақтандырылады. 8-9 айдан бастап мәдени - гигиеналық дағдыларды (қатар отырған балаға ықылас таныту, сулық қолдана білу, тамақтан соң ересектерге бас изеу немесе жеңіл сөздермен алғыс білдіру) қалыптастыру қажет.