Жас ұрпаққа ес біліп, ақыл ұштап, білім алуда халықтың салт-сана, әдет-ғұрпының берері мол. Әсіресе, қазіргі жаһандану кезінде өскелең ұрпақтың дәстүрлі тәрбие алуы тіптен маңызды. Ұлттық дәстүр атаулының мән-мағынасына үңіле қарасақ, онда адалдық, адамгершілік, үлкенге құрмет, кішіге шапағат сияқты аса қасиетті этикалық және эстетикалық тәрбие жатқанын аңғару қиын емес. Ешбір халық өз ұрпағын жаман болсын, мұрасыз-мұратсыз болсын демейді. Жақсы ғұрпын дәстүр етіп ұстайды. Қазақ халқының таңғажайып әсем де әсерлі дәстүрлеріне халқымыз аса бір ілтипатпен қарап келген.
Халықтың замандар бойы қалыптасып ауыздан ауызға тарап келе жатқан бай мұрасын таныстырудың алғашқы баспалдағы-бөбекжай. Тәрбие тірегі –халық мұрасы толығынан сақталған келер ұрпаққа қалдырған бай қазынасы. Осыны төкпей-шашпай жас ұрпаққа жеткізу, оның нәтижелік жағынан ойына ұялатып зерделікке, адалдыққа, ізеттілікке, мейірімділікке баулу-бүгінгі күннің міндеті. Сондықтан да ауыз әдебиеті үлгісімен жасалған ойындар сәбилердің дене құрылысының дамуына, тіл ұстартуына, ой-өрісінің кеңеюіне, тапқырлыққа, мейірімділікке үйретеді.
Халқымыздың бала тәрбиесіне деген ұлттық құндылықтарды ескере отырып, өзімнің логопедиялық ұйымдастырылған оқу іс-әрекетімде этнопедагогиканың элементтерінің бірі ұлттымыздың ою өрнектерін қолданамын. Барлығымызға белгілі баланың сөйлеуге деген талпынысы саусақ бұлшық еттерінің дамуына байланысты. Сондықтан логопедиялық ұйымдастырылған оқу іс әрекетінде саусақ қимылын жетілдіре отырып, конструктрларды жинау, трафарет, шаблонның көмегімен оюларды жүнмен бастыру, әшекейлеу жұмысы, қамшы тоқу, бау байлау, жіпке тізу т.б жаттығуларын қолданамын. Тақпақ, өлең шумақтарын айту арқылы саусақ қимыл қозғалысын жетілдіремін. Ұйымдастырылған іс-әрекет жұмыстарын этнопедагогика элементтерін пайдалана отырып, жүйелі түрде жоспарлау, баланы өз тілінде сөйлесуге, ізгілікке, инабаттылыққа, кішіпейілділікке баулуға, эстетикаға, жақсы мен жаманды ажырата білу қабілетіне үйретуге, ақыл-парасатын, тілдік үдерісі мен түйсіктік қабылдау әсерін дамытуға негізделген. Бұл ойындар арқылы балалардың тілдік сөйлеу байланысы жақсарады, балалардың танымдық және сөйлеу іс-әрекеттеріне деген қызығушылығын арттырады. Нәтижесінде балалардың тілі, қимыл – қозғалысы мен икемділігі айтарлықтай дамиды.