Козубаева
Анар Екпінқызы
№1«Арман»
бала бақшасының педагог-психологі
Көкшетау
қаласы
Мектепке дейінгі балалар ертегі немесе өлеңмен жазылған қысқа әңгімелерді, өлеңдерді тыңдауға, айтып беруге өте құштар болады. Балалардың оқуға ынталылығы, сөз қоры мен тілінің дамуы осы кезде күшті жүреді. Сондықтан балалардың дамуындағы осы кезеңді жіберіп алмай, барынша тиімді пайдаланған дұрыс. Отбасында, балабақшада тіл дамыту жұмыстарын халықтың ауыз әдебиеті арқылы жүзеге асыру керек. Өйткені қазақ халқының ауыз әдебиеті: мақал-мәтел, жұмбақ, жаңылтпаш, аңыздар, батырлар жыры, санамақтар, т.б. балалардың жас ерекшелігіне қарай пайдалануға ыңғайлы, тәрбиелік мәні аса зор. Бесік жыры бесіктің тербелісіне сәйкес сабырлы, қоңыржай әуенмен айтылып, бөбектің сезім мүшелеріне жайлы, сүйкімді әсер етеді. Бесік жыры арқылы анасы сәбиінің болашағына үміт артып, тілек айтады, сәбиін жұбатады. Мысалы: Мойнымдағы моншағым, Қорадағы мал-жаным, Бесігіңе жата ғой, Тәтті ұйқыға бата ғой, - немесе:
Айыр
қалпақ киісіп,
Ақырып
жауға тиісіп,
Батыр
болар ма екенсің?
Саусақтарың
майысып,
Түрлі
ою ойысып,
Шебер
болар ма екенсің?
Тұсау
кесу жыры баланың тұсауын кескенде, балаға ақ жол тілеу мақсатымен айтылады:
Қаз-қаз балам,
қаз балам,
Қадам бассаң
мәз болам,
Тағы, тағы
баса ғой,
Тақымыңды
жаза ғой.
Қаз баса ғой
қарағым,
Құтты болсын
қадамың.
Жоғарыда келтірілген жыр жолдарын «Көркем әдебиет», «Тіл дамыту» сабақтарында пайдалануға әбден болады. Сол сияқты, балабақшадағы мерекелер мен ертеңгіліктерде «Бесікке салу», «Тұсау кесу» дәстүрлерін сахналап көрсету, рольдерге бөлініп ойнату барысында әнімен айту арқылы балалардың әншілік, артистік қабілеттері дамиды, әрі олар ата-бабаларының тұрмыс-салтымен танысады, оның мәнін түсінеді.
Баланың тілі шығып, алғашқы сөздерді айтуды үйрене бастағанда, кейбір дыбыстарды дұрыс айта алмай қиналғанда, баланың тілін жаттықтыру мақсатымен жаңылтпаштарды
қолданады. Қиын сөздерді жаттап жаттыққан бала мүдірмей сөйлеп, сөз қадірін түсінуді үйренеді, өз ойын жаңылмай толық жеткізетін болады.
Мысалы: «р»
мен «и» дыбыстарын анық айтуға үйретуге:
- Дегенде әй
Тайқарбай, әй Тайқарбай,
Қойыңды май
жусанға жай Тайқарбай.
- Тайқарбай,
Майқарбайлар толып жатыр,
Әй Тайқарбай
дегенің қай Тайқарбай?
«ш», «с»
дыбыстарына байланысты:
Жоғалды бес
шыбыш,
Жоқ әлі еш
сыбыс.
Жоқ әлі еш
сыбыс.
Жоғалды бес шыбыш, - деген жаңылтпашты қолданған.
Балабақшадағы қарапайым математика сабақтарында санамақтарды қолдану баланың тілін, ойлауын дамытады, санауға үйретеді, сандарды ретімен айтуға жаттықтырады.
Мысалы:
Бір дегенің
- білеу,
Екі дегенің
- егеу,
Үш дегенің
- үскі,
Төрт дегенің
- төсек,
Бес дегенің
- бесік,
Алты дегенің
- асық,
Жеті дегенің
- желке,
Сегіз дегенің
- серке,
Тоғыз дегенің
- торқа,
Он дегенің
- оймақ,
Он бір қара
жұмбақ, - деген халық санамағында сан есімдер ретімен айтылады, әр санға үй ішіндегі бір нәрсені сәйкестендіру арқылы сандарды есте сақтауды жеңілдеткен. Жұмбақтарда заттың бейнесін, қасиеттерін бейнелеп суреттеу арқылы баланың ойлауын дамытады, затты көз алдына елестету арқылы айналадағы дүниені танып-біледі. Жұмбақтардың тақырыптарының алуан түрлі болуы баланың дүниетанымын кеңейтеді. Мақал-мәтелдер - балаға айтылатын нақыл сөз, өсиет. Мақал-мәтел баланың адамгершілік қасиеттерін, еңбексүйгіштігін жетілдіреді, жаман қылықтардан аулақ болуға тәрбиелейді. Жұмбақтар сияқты мақал-мәтелдердің де тақырыптары әр түрлі. Жұмбақтар мен мақал-мәтелдерді жаттату балалардың дүниетанымын кеңейтеді. Сол себепті балабақшада жұмбақ шешу, мақал-мәтелдер сайысын өткізіп тұрған дұрыс. Ауыз әдебиетінің бір түрі - өтірік өлеңдер. Олардың сюжеттері әр түрлі, шындыққа жанаспайды. Өтірік өлеңдер баланың қиялын дамытады, қызықтырады.
Мысалы:
Дүниеде болады екен қоян мықты, Жабылып он
бес жігіт әрең жықты,
Соғымға
сойған едім, семізін -ай,
Бүйрек майдан
басқасы бес қап шықты.
Ойын өлеңдер баланың көңілін көтереді, өлең-жырға деген қызығушылығын, бейімділігін арттырады.
Мысалы:
Қуыр-қуыр
қуырмаш,
Балапанға
бидай шаш.
Бас бармақ,
Балаң үйрек,
Ортан терек,
Шылдыр шүмек,
Кішкене
бөбек..
Сен тұр -
қойыңа бар,
Сен тұр -
жылқыңа бар,
Сен тұр
-түйеңе бар,
Сен тұр -
сиырға бар,
Ал сен үйде
отыр, бидай қуыр,
Қуыр, қуыр,
- деп баланың алақанын қытықтап, күлдіреді.
Бұл өлең баланы саусақтардың аталуымен, төрт түлік малмен таныстырады, әрі көңілді айтылғандықтан, бала тағы-тағы деп сұрап, жылдам жаттап алады. Шешендік сөздер - билер мен хандардың, ақындар мен жыраулардың, шешендер мен ойшылдардың аузынан шыққан дуалы, өнегелі, қасиетті сөздер. Шешендік сөздер - ата-бабамыздың кейінгі ұрпаққа қалдырған даналық мұралары. Қазақ тарихында Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Жиренше шешен, Сырым батыр, т.б. айтқан даналық сөздері кеңінен белгілі. Жырдың үлгі-өнеге, өсиет-насихат түрінде домбыраға, сырнайға қосылып айтылатын түрі терме деп аталады. Терме - жастарды адамгершілікке тәрбиелеудің күшті құралы. Халық арасында Майлықожаның, Бұқардың, Ақтамбердінің, Қазтуғанның т.б. термелері кеңінен тараған. Ертегілер баланың қиялын дамытады, жақсылыққа тәрбиелейді. Бала ертегі кейіпкерлеріне ұқсағысы келеді. Ертегілерде үнемі қастық пен достық, жақсылық пен жамандық қатар жүргенімен, ақырында жақсылықтың жамандықты жеңуімен аяқталады. Өмірде де солай. Алайда сен үнемі жақсылық жасап, жамандықтан аулақ болсаң, түбінде сен де жақсылыққа жетесің деген ойды білдіреді.
Аңыз-әңгімелер көбінесе өмірде болған оқиғаларға негізделеді, оларға қызық, ғажайып сюжеттер қосылып, баланы қызықтыра түседі. Мысалы, Қожанасыр, Алдар көсе туралы аңыз әңгімелер баланы тапқырлыққа тәрбиелейді. Батырлар жыры балаларды елін, жерін қорғайтын батыр, батыл болуға тәрбиелейді. Батырлардың қарсыластары да осал емес. Күшті жауды жеңу үшін адамға қара күштен
басқа адалдық, сабырлылық, төзімділік, шыдамдылық, т.б. қасиеттер керек.
Қорыта келгенде айтарым, халықтың ауыз әдебиеті баланы жан-жақты тәрбиелеуде маңызды құрал болып табылады. Ауыз әдебиетінің қай түрін алсаңыз да, қарапайым, айтуға жеңіл, есте тез сақталады, баланың сезіміне күшті әрі жағымды әсер етеді. Алайда, тәрбие жұмысы тәрбиешілер мен мұғалімдер ата-аналармен бірлесіп жүргізгенде ғана табысты болмақ. Халық педагогикасын пайдалану балалардың тілін, ой-өрісін дамытумен қатар, адамгершілік, азаматтық, еңбексүйгіштік сияқты адами қасиеттерінің қалыптасуына да игі әсер етері сөзсіз.
Пайдаланылған
әдебиеттер: