Балалық шағымда анашым маған жатарда ертегі оқып беретіні есімде. Қиялым ойнап, ертегідегі не бір ғажап, армандар шыңдыққа айналса екен деп ойларға бататынмын. Батырлар мен ханшайымдар тек үлгілі, әдепті және сыпайы болғандықтан, мен де сондай болуға тырыстым. Байқасаңыздар, адамгершілік қасиеттері ана сүтімен бірге, ертегі арқылы сіңеді. Ал, қазіргі таңда ертегі айту әлде-қайда сиреп кетті. Ата-аналар ертегілер маңыздылығын қажетті деңгейде бағаламағаны ма? Осы блогта мен қиял-ғажайып ертегілер құндылығын еске салып кетемін. Біріншіден, ертегілер сәби санасында нағыз адамға сай қасиеттерді қызықты бейнелер арқылы сіңіріп алады. Адамгершілік, кішіпейілділік, ақылдылық, достық және шынайы махаббатқа үйренеді. Мәселен, «Мақтақыз бен мысық» оқыса, қалағанын тек ерең еңбекпен, дегеніне талпынып-тырысып қана жететіне көз жеткізеді. Орыс «Теремок» ертегісінде шынайы достық, әлсіз бен кішіге көмек беруге баулиды. Бүгін қолы бос емес әке-шеше теледидар не ғаламтордан қызықты болса да, қызғаншақтыққа, агрессияға баулитын Спанч Боб секілді мультфилмдерді қоя салып, осы тәсілмен бала көңілін жиі аулайды. Айламен біреуді алдау, ақшаға құмарлық, әлсіздерге немқұрайлы қарау не жақсылыққа үйретеді? Екіншіден, бала көркемділікке, әдеби тілге, риторикаға және жалпы өнерге жақындайды. Егер ертегіні оқуға уақыт бөлсеңіз, екпін-паузаларды сақтап, әдеби-көркем тілде баяндаңыз. Жақын уақытта бүлдіршін үшін де әдемі сөйлеу нормаға айналады. Сонымен қатар, ертегі бойынша сүрет салуға шақырсаңыз, ұшқын қиялымен салынған сүреттерге сүйсінерсіз. Үшіншіден, ұйықтағалы жатқан бүлдіршін ұйып тыңдап, айтқанға құлақ асады. Кейде ұрысып үйреткеннен, кешкісін ертегімен дұрыс істерге баулыған жөн. «Мақтақыз бен мысық», «Ұр, Тоқпақ!», «Қанбақ шал» секілді ертегілер көп болса да, жас аналарға айтатын бір кеңесім бар. Егер, балақай бірдеңе бүлдіріп қойып, кінәсін түсінбей жүрсе, ұқсас оқиғалы қызықты ертегіні өзіңіз құрастырып айтыңыз. Қиялында біраз ойланып, ақ-қарасын ажырата алуына септігін тигізеді. Және соңғысы, Ертеде Альберт Эйнштейнге «Балаларымызды қалай ақылдырақ етуге болады?» деген сұрақ қойылады. Ғалымның жауабы қысқа да нұсқа болып шықты. Ол «Егер сіз ақылды бала қаласаңыз, оған ертегі оқыңыз. Егер одан да ақылды болсын деп армандасаңыз, одан да көп ертегі оқыңыз»,-деп айтады.(http://www.goodreads.com/quotes/14912-if-you-want-your-children-to-be-intelligent-read-them) Ертегі тыңдаған балаңыз өзіне сенімді, ақылды, әдепті болып өседі. Сіз бүгін балаңызға ертегі оқып бересіз бе? Қайырлы түн!
Толығырақ: http://massaget.kz/blogs/18490/