еруенді ұйымдастыру тәсілдері.
Серуен қандай бөліктерден тұрады?! Серуенге қай мезгілде қалай шыққан жөн. Серуенге нелер қажетті? Тәрбиешінің және тәрбиеші көмекшісінің ролі қандай?! Серуенге қажетті құралдар қандай болу керек. Ең маңызды бөлігі – ата-аналармен жұмысты жолға қою.
Серуенді дұрыс ұйымдастыру: бала денсаулығын нығайту, балалардың қимыл-қозғалыс дағдыларын қалыптастыру, киімі ыңғайлы болуы, жыл мезгіліне сай киінуі дұрыс жолға қойылғанда ғана баланың салауатты өмір салтының қалыптасуына мүмкіндік береді.
Серуен кезінде дене шынықтыру жаттығуларын жасау және қимыл-қозғалыс ойындары баланың эмоционалды жағдайына және денсаулығына көп көмегін тигізеді.
Қысқы мезгілде серуен күніне 2 рет ұйымдастырылады. Ауа температурасының -15 градусқа дейін төмендеуі және желді күндері серуен уақыты қысқартылуы мүмкін.
Бала денсаулығын және өмірін сақтау мақсатында жұмыс уақыты басталғаннан тәрбиеші және тәрбиеші көмекшісі ойын алаңын тексерген жөн. Сынған шөлмек, тастардан үнемі тазартып отыру керек. Серуенге шығар алдында тәрбиеші көмекшісі ойын алаңын дайындау қажет. Тәрбиеші серуеннің қызықты өтуіне алдын-ала ( серуеннің жүрісін, ойын құралдарын) дайындауы тиіс.
Серуен төмендегі бөліктерден тұрады:
Бақылау;
Еңбекті ұйымдастыру;
Қимыл-қозғалыс ойындары;
Жеке баламен жұмыс;
Балалардың еркін ойындары;
Серуен бөліктері жыл мезгіліне, ауа райына байланысты әр түрлі болып құрылады, мысалы қыс мезгілінде көп қозғалысты талап ететін ойындар, еңбек, бақылау жыл мезгілдерінің ерекшелігіне сәйкес өткізіледі.Жыл мезгіліне байланысты көркем сөздер, тақпақтар айтқызуға болады.
Бақылау - тәрбиеші жоспарына байланысты жүргізіледі және мақсаты жазылады. Бақылауды жанды табиғатқа /құстарға, ағаш жапырақтарына, жыл мезгіліне байланысты жәндіктерге, өсімдіктерге/ жүргізуге болады. Жансыз табиғатқа жататын /күнге, бұлтқа, желге, қарға, қардың қалыңдығына/ жүргізуге болады.
Үлкендер еңбегін, көлік түрлерін, өтіп бара жатқан адамдарды т.б. бақылауға болады. Бақылауды түрлендіріп қызықты өткізу – баланың айырмашылықтарды, айнала қоршаған ортадағы өзгерістерді байқау, байқампаздыққа тәрбиелейді.
Еңбек – аулада, ойын алаңында жүргізіледі. Балаларға жеке тапсырмалар немесе ұжыммен жұмыс тапсыруға болады.
Қимыл-қозғалыс ойындары – Жай қимылды ойындар, орташа қозғалыстағы ойындар және шапшаң қимылды қажет ететін ойындар болады. Жоспарға жаңа ойындарды енгізіп отыру қажет. Бір жылдың ішінде 10-15 жаңа ойын енгізген жөн:
Қызықты ойындар;
Эстафеталық ойындар;
Сюжетті қозғалыс ойындары;
Спорттық элементтері бар ойындар;
Ұлттық ойындар;
Ойындарды ұйымдастыру – жыл мезгіліне, ауа райына, балалар көңіл-күйіне, серуен қай мерзімде өтіп жатқанына байланысты болуы керек.
Жеке баламен жұмыс – баланың өтілген тақырыптар бойынша білімін бекіту, психикалық процестерін дамыту.
Еркін ойындар – Балалардың өз бетінше ойнауына жағдай жасау, керекті құралдарды алу, ойыншықтармен қамту.
Серуенге қажетті құралдар: еркін ойынға қажетті ойыншықтар, қимылды ойындарға бетперделер, қар салуға қажетті ыдыстар, жалаушалар, кегли, белшіктер, шелек т.б. Серуенге қажетті ойыншықтардың санитарлық-гигиенаға сай болуы қамтамасыз етілуі тиіс. Таза ауада спорттық сайыстар өткізуге және оларға мектеп оқушыларын және ата-аналарды қатыстыруға болады.
Тағы бір жұмыс бағыты – ата-аналармен жұмыс. Қабылдау бөлмесінде ақпараттандыру қабырғасында « Қыс мезгіліндегі серуен», « Баланы ауа райына байланысты киіндіру», «Ауырған кезде және жазылған кездегі серуен», «Барлық отбасы мүшелерімен серуен» т.б.тақырыптарда кеңестер берілуі тиіс. Сөзімізді қорытындылай келе, серуенді дұрыс ұйымдастыру :
Серуенге ойын алаңын алдын-ала дайындау;
Балаларды киіндіріп, шешіндіру тәртібі;
Серуенге алып шығатын құралдардың талапқа сай болуы;
Бақылауды, зерттеу жұмыстарын жүргізу құралдары;
Балалардың еңбекке дайындығы;
Өз еркімен ойындарын ұйымдастыру;
Балалармен жеке жұмысты жолға қою;
Ойын алаңындағы атрибуттардың дұрыстығы;
Осылайша серуенді дұрыс ұйымдастыру – баланың жан-жақты танымына, денсаулығының дамуына, салауатты өмір салтын ұстануына бағыт-бағдар береді.