Құрметті әріптестер,ата-аналар!
Наурыз – жыл басы, Ұлыстың ұлы күні. Күн мен түннің, ыстық пен суықтың, қыс пен жаздың, қараңғы мен жарықтың теңелетін, жер арқасы кеңіп, күллі тіршілік әлемі қайта түлейтін Табиғат мерекесі; Наурыз - адамдардың қыс қыспағынан, жұт апатынан аман қалып, малы төлдеп, аузы аққа жаритын Шаруа мерекесі; Наурыз - әрбір шаңыраққа шыраққа шырақ жағылып, «Қызыр түнін» күтіп, жақсылық құт-береке тілеп, ертеңгі күнге зор үмітпен қарайтын Сенім мерекесі; Наурыз – жеті дәмнен Наурызкөже жасап, адамдардың бір-біріне дәм татқызып, дастарқан басында бірге отыратын Ынтымақ-бірлік мерекесі; Наурыз – жыл бойы өткен-кеткен ренішті кедергісіз кешіріп, ән-күймен, ойын-сауықпен жанды жадыратып, сананы серпілтетін Көңіл мерекесі.
Ұлыс бақты болсын,
Төрт түлік ақты болсын!
Ұлыс береке берсін,
Бәле-жала жерге енсін!
Ұлы халқым тоқ болсын,
Көйлектерің көк болсын!
Қайғы-уайым жоқ болсын,
Қуаныштарың көп болсын!